Елбасымыз таяуда жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мемлекет басшысы отан сүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтты. Тәуелсіз еліміздің студент және магистрант жастарын отан сүйгіштікке тәрбиелеудің саналуан жолдары бар. Солардың бірі – тарихи өлкетану жұмыстарын пайдалану арқылы тәрбиелеу. Қазақ елінің кезкелген аймағынан ежелгі, орта ғасырларға және жаңа заманға қатысты тарихи жәдігерлерді немесе деректерді көптеп кездестіруге болады. Мәселе соларды танып біліп, табылған мәліметтерді жүйелеп, зерделеп, оларды жастар тәрбиесінде тиімді пайдалана білуді үйренуде. «Туған жердің әрбір сайымен қырқасы, тауымен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері елесінде сақталған бір туар перзенттері бар. Осының бәрін жасұрпақ біліп өсуге тиіс» – деп көрсетті Елбасымыз. Мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасының мәнін түсіндіре келіп білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына назар аударды.  Бұл мәселені жан-жақты талқылау мақсатында 2017 жылдың 15 желтоқсан күні университетіміздің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімі  магистранттармен  «Туған жер – отан сүйгіштікке тәрбиелеудің тиімді құралы» – атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Аталмыш шараға «Қазақстан тарихы мен гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, аға  оқытушы Нартбаев Шымырбай Жақсыбайұлы қатысып, ой-пікірін ортаға салды.  Магистранттар: Әлижан Гүлжан, Маханов Нұржан, Алпысбай Ақерке, Мәлікқызы Фариза, Қаңлыбаев Бауыржан, Тлесова Гулсара, Турғынбекова Айгерім дөңгелек үстел басында дайындап келген баяндамаларын жасады.

Дөңгелек үстелде  «Туған жерге аңсап жеткен», «Ауылдың алты ауызы» бөлімдерінде магистранттар атамекен, Отан тақырыбындағы авторлық өлеңдерін оқыды, әсем әндер орындап, күмбірлете күй тартты.

Жалпы ұлан байтақ жерімізде ғажап жерлер, киелі мекендер жеткілікті. Маңыздысы осы жерлердің танып білуде, ұлтарақтай жер үшін тер төккен ата-бабамыздың аманатын сақтап  қалу біздердің және жас ұрпақтың міндеті. Бұл міндетті әрине бірінші болып ұстаздар, ата-аналар біріге отырып іске асыруымыз қажет, себебі Отанды сүю-отбасынан басталады. Ал ұстаздар үшін «ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға». Осыған орай, алдағы уақытта студенттер мен магистранттар арасында «Өлкетану» пәнін енгізуді және көктем айларында оңтүстік өңіріндегі киелі елді мекендерге саяхат жасау жөнінде ұсыныс жасады.