Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға үміт артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы
күшіне айналуға тиіссіздер», – деді. Яғни, Мемлекет басшысы Бізге – жастолқынға үлкен сенімнің жүгін артты. Осы мақсатта Мен  дәл қазіргі уақытта
«Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар қанатының жасағында, құрамында – қайнаған қазанынан табылғаныма қуаныштымын!

    Өткенге ойыссақ, дәл осы  «Жас Отан» Жастар қанаты Ел аумағында осыдан 10 жыл бұрын қызметін бастаған. Жас болса да, бас болып Қазақстанның гүлденуі, өрлеп-өркендеуі жолында ауқымы кең айтулы жоба-жұмыстарды атқарып, абырой биігін бағындырып келеді. Бүгінде…Жаңа технология көш ілгері дамыған заманда төртүл дүниемен терезесі теңесіп, саяси-экономикасы, әл-ауқаты, ахуалы жақсарған айбынды Алаш ұрпағы! Аз уақыттың ішінде, замандастарымыз заманауи техникаларды еңсеріп, сандық (цифрлық) Қазақстанның жаңа белестерін бекітті.  Дамыған 30 елдің қатарынан көріну межесінде бұл бастама маңызды-ақ…

       Ал жасақтың қазіргі жағдай-жаңалығына оралсақ, күні кеше ғана Елордамыз – Астананың төрінде,  «Жас Отан» жастар қанатының кезекті IV съезі өтті.  «Жаңа әлемге жол саламыз» деген ұранмен өрбіген жиынға еліміздің әр өңірінен 1500-ден астам делегат келіп, ресми жиынның мерейін асырды. Бұл жолғы іс-шара «Jas Otan conf» деген атаумен жаңа форматта ұйымдастырылды. Съезд алғаш рет VR форматында онлайн көрсетілді. Оған елдегі барлық жасотандықтар қосылып, көріп-тыңдауға мүмкіндік алды. Яғни, бұл технология кез келген интернет пайдаланушысына залдағы көріністің барлығын 360 градус айналасында көруіне жағдай жасады. Мәселен, Қызылорда өңірінің жас теміржолшылары съезге виртуалды форматта қатысты. Сонымен қатар, өскемендік мектеп оқушылары да «Жас Отанның» жиынын онлайн тамашалады. Шымкенттіктер де шет қалмады, жерлестерімізге дәл осы үлгідегі ұсынылған қаралым-қондырғысы қолжетімді болды.

     Ауқымы кең, айтулы съезде Мен секілді өзге де замандастарым – қатысушылар ғылым, білім, инновация, кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру мен рухани жаңғыру тақырыптарын кеңінен талқылап, таразылады. Сондай-ақ, белсенді жастолқын дәл осы күні «Жас Отан» жастар қанатының Орталық кеңес мүшелерін сайлағанын да ерекше атап өткім келеді. Ал іріктеу бір ай бұрын басталған. Барлығы онлайн форматта өткен-ді. Үміткер #JasOtanSailau хэштегімен Instagram парақшаларында жариялаған видео жолдауға 5000 лайк жинауы қажет делінген еді. Ал әлеуметтік желі қолданбайтын белсенді қол жинау арқылы 500 адамның қолдауына ие болуы шарт болған. Ерекше ескеретіні – бұрын Кеңес 50 адамнан құралса, қазіргі кезде бұған 33 адам енді. Осылайша,  онлайн сайлауда жеңіске жеткен 16 үміткер орталық кеңеске мүше болып сайланды.

      Жасотандықтар бес секцияда бес түрлі өзекті тақырыпты талқыға салды. Ал партия төрағасы бірінші орынбасарының айтуынша, бұл тың – жаңа формат. Есеп беру емес, талқылау, ұсыныс жинау, кейін оны іске асыру деген мазмұнда. Мұнда Мәулен Әшімбаевтың өзі «Рухани жаңғыру» секциясына қатысып, жастармен пікір алмасты. Ол әрбір жасотандық жаңғыру аясында әлемнің озық тәжірибелерін еркін меңгере отырып, өзінің ұлттық коды мен рухани әрі мәдени бірегейлігін сақтауы тиіс екендігін ерекше екшеді. Сонымен қатар, ол жастарды Елбасы бағдарламасының мәні мен маңызын халыққа түсіндіруде белсенділік танытуға шақырды. Мәселен, латын әліпбиіне көшу, «Туған жер,» «Жүз жаңа есім» бойынша өз ой-тоқтамын айтуды ұмытқан жоқ.  «Бұл бастамалардың барлығы жас буынның жарқын болашағына арналған. Сондықтан осы жолда күш біріктіріп, жұдырықтай жұмылып жұмыс істейік… Осы Елбасының стратегиялық мақаласы аясында біраз жұмыстар іске асырылып жатыр. Негізгі мақсаты – рухани санамызды жаңғырту, бүкіл әлемге ашықтығымызды таныту! Екіншіден, ұлттық кодымызды сақтап, жахандық дүниеде жоқ болып кетпей, өз орнымызды алу, әлемге Қазақстанды таныту», – деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.
Ал  «Қазақстанда жасалған» секциясы – отандық өнім өндіруге деген ынтаны оятуды көздесе керек. Асылжан Мамытбеков жасотандықтарға 50 бас ірі қара ұстайтын шағын ферманы қалай ашуға болатынын айтып берді. Қазақстанның ет одағы төрағасының айтуынша, бұдан жылына 5 млн таза пайда табуға мүмкіндік бар екен. Маңызды, мазмұнды ақпаратты ұйып тыңдағандар қатарынан өзім де табылғандықтан, бұл мәлімет болашақта менің де кәдеме жарайтынын атап өткім келеді…

      Сондай-ақ, Біз –  жасотандықтар «Цифрлы Қазақстан», «Салауатты ұлт», «Рухани жаңғыру», «Қазақстанда жасалған», «Білім, ғылым, инновация» атты сессияларды қамтып, әр шараға жұмыла атсалыстық. Яғни, әр сессияда айтылған ұтымды пікірлер мен ұсыныстар мәртебелі гала-форумда көпшіліктің назарына ұсынылып, жобамызға арқау болды.

      Қазақстанның ең белсенді, көшбасшы жастарын жасақтаған жиынға Елбасымыз да ерекше екпінмен, үлкен құрметпен қарады. Бұлай деуіме негіз де жоқ емес. Осынау көзі – ашық, көкірегі – ояу замандастарым үшін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың өзі келіп, съезд қатысушыларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізді. «Сендер еліміздің ертеңі ғана емес, мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар. Мен сендерді белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, әлемнің ең озық мамандарымын ияқ тірестіріп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырамын», –  деп ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова бізге жүктелген міндетеммелерді жиында осылай тебірене оқып берді.

      Бас қосуда Мемлекет басшысының 5 бастамасы, «Рухани жаңғыру», білім, денсаулық, кәсіпкерлік, цифрландыру басты тақырыпқа айналғанына қуандым. Сессия жұмыстарының нәтижесінде әр бағыт бойынша бірнеше үздік жоба таңдап алынды. Ол жұмыстар осы «Жаңа әлемге жол саламыз» гала форумында таныстырылып, бізге алдағы бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Яки, сол жобалар жастарға арналған бағдарламаға кіреді.  Осынау бастамада «Жас Отан вижн 2021» деп аталатын тұжырымдама қабылданғанына да өзім куә болдым. Және бұл  жиынды отандастарымыздан бөлек, онлайн жүйесінде әлемнің бірнеше еліндегі жастар да тамашалады. Төрткүл дүние тәуелсіз, зайырлы мемлекеттің мызғымас болашағы – Біздің білім мен ғылымдағы жеткен жетістіктерімізді, білген-түйгенімізді көре алды. Қызыға да, қызғана қарады! Алға қойған айқын мақсаттарымызды межелеп, Барыс елдің бүгінін бағамдап, ертеңін елестетті! Тобықтай түйін – съезд соңында жасотандықтар еліміздің жаңғыру үдерістеріне қатысты стратегиялық міндеттер көрсетілген арнайы құжат қабылдады. «Жаңа әлемге жол саламын» гала-форумы Менің ғана емес, өзге де өрен-жастардың жолын қазірден қалап, дамыған Қазақстанды қалыптастыратынына бек сенімдімін! Сөз соңында мол мүмкіндіктерді меңгеріп, жаңаруға қадам басқан жастолқын екенімді екшеген, білім мен ғылымға деген құштарлығымды ұштап, еңсемді еселеген – ҚазҰЖҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Әбдімұсақызы Қуатбековаға ерекше алғысымды білдіремін! Маған және өзге де жасотандықтарға артқан сенім-жүгіңізді ақтап, абыроймен атқаратынымды айтқым келеді!

                                           Құрметпен, ҚИПХДУ «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы:   Батырхан Бауыржанұлы Усеров!