https://kipudn.kz/ru/category/%D0%BD%D0%BE%D0%B2%D0%BE%D1%81%D1%82%D0%B8/novosti-dnja/

Университетіміздің негізін қалаушы, қайырымдылыктың қамқоршысы, академик Әбдімұса Мұратұлы дүниеден озды

Қуатбеков Әбдімұса Мұратұлы 1942 жылы 04-маусымда Шымкент облысы, Арыс ауданының №41 разъезінде теміржолшы отбасында дүниеге келген.

1959 жылы орта мектепті бітіріп, В.И.Ленин атындағы Ташкент мемлекеттік университетіне оқуға қабылданып,1966 жылы аталмыш  жоғары оқу орнын физика-химия мамандығы бойынша  бітірген.

Еңбек жолын  1966 жылы Қазақ КСР Білім және ғылым министрлігінің жолдамасымен Қазақ химия-технологиялық институтының физикалық және коллоидты химия кафедрасының ассистенті болып бастаған. Осы оқу орнының жолдамасымен 1968-1971 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы химия институтының аспирантурасында білім алып, 1971 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, химия ғылымдарының кандидаты дәрежесін иеленген.

1971-1978 жылдар аралығында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының доценті және декан орынбасары, 1978-1984 жылдары Қарағанды политехникалық университеті Жезқазған филиалының күндізгі және сырттай оқыту факультетінің деканы,1984-1996 жылдар аралығында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының Семей қаласындағы филиалының деканы ,1996-2000 жылдары Оңтүстік Қазақстан аймақаралық «Қайнар» университеті филиалының директоры, 2000-2005 жылдары Қазақ-Өзбек инженерлік-гуманитарлық университетінің ректоры, 2005 жылдан бастап Қазақстан халықтар Достығы университетінің, 2016 жылдан бері Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінің Президенті лауазымында қызмет атқаруда.

1995 жылы Мәскеу қаласындағы И.М.Губкин атындағы мемлекеттік мұнай және газ академиясында докторлық диссертациясын қорғап, химия ғылымдарының докторы дәрежесін иеленген.1996 жылы профессор ғылыми атағын,1998 жылы Нью-Йорк Ғылым академиясының Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі (АҚШ), 2009 жылы Қазақ Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі атағын алған. Сол жылдан 2016 жыл аралығында Қазақ Ұлттық Жаратылыстану академиясының Оңтүстік Қазақстандағы филиалының төрағасы қызметін атқарды. 2004 жылдан бастап Халықаралық шығармашылық академиясының академик-мүшесі. 2013 Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, 2014 жылдан бастап академик ғылыми атағы берілген. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының Құрметті мүшесі.

800-ден астам ғылыми еңбектері, соның ішінде 5 монография, 10 оқулығы жарық көрген. КСРО-ның 10 авторлық куәліктің, Қазақстан Республикасының 5 инновациялық патентінің авторы.

2001 жылы біздің елімізде болып жатқан оң әлеуметтік-экономикалық және демократиялық қайта құруларға тікелей қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған. П.Капица атындағы халықаралық сыйлықтың, республикалық «Лучшие люди» қаһармандар энциклопедиясының Құрмет белгісі, Ресей Жаратылыстану академиясы Президиумының шешімімен берілген А.Нобель алтын медалінің, XXI жүзжылдықтың «Әлемдік ғылымға қосқан зор үлесі үшін» медалінің, Халықаралық Сократ комитеті Еуропалық бизнес ассамблеясының «The Name Science» жүлдесінің иегері. Балалардың құқығын қорғау мен біліміне, тәрбиесіне сіңірген ерең еңбегімен жомарттығы үшін «Қазына» төс белгісімен марапатталған.

Арыс қаласы мен Сайрам ауданының Құрметті азаматы.

2001 жылдан «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

2015 жылы «Мерейлі отбасы» Республикалық байқауының жүлдегері.

Отбасылы, бір ұл, екі қыз, сегіз немересі бар.

Жұбайы Қуатбекова Карамат Пердешқызы – Қазақ Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының кандидаты, профессор, «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», Сайрам ауданының құрметті азаматы.

Ұлы Қуатбеков Нұрлан Әбдімұсаұлы – Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінің вице-президенті, техника ғылымдарының кандидаты, профессор.

Үлкен қызы Ермуханбетова Роза Әбдімұсақызы – Достық колледжінің директоры, химия ғылымдарының докторы.

Кіші қызы Қуатбекова Рабиға Әбдімұсақызы – Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінің ректоры, Қазақ Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Түркістан облыстық маслихатының депутаты.

Әбдімұса Мұратұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 11:00-де Шымкент қаласы, Д.Қонаев гүлзарының бойы 58/1 үйде, қонақасы «Гранд Холидей» тойханасында сағат 14:00-де беріледі.