«СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ»

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті ҚР Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының  2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының «Сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет» 4-реформасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 105 тармағында  «Мектептерде, колледждерде және ЖОО-да заңды мойындайтын азаматтарды қалыптастыруға бағытталған құқықтық сауаттылықты ілгерілету үшін ЖОО және білім беру ұйымдары оқытушыларының қатысуымен құқықтық ағартудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру» деп көрсетілген. Осы жоспардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылдың 6 қараша күні Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаментінің бас маманы Альжанова Жазира Салхановнаның және университеттің профессор-оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім мен тәрбие мәселелері» тақырыбына семинар өткізілді. Семинарға Тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры  Садыков Б.Қ., Гуманитарлы-педагогикалық факультетінің деканы Ботабаева Ж.Н., «Экономика және құқық» кафедрасының меңгерушісі э.ғ.к. Купешева А.К.,  з.ғ.к., аға оқытушы Нурымбетов А.А., аға оқытушы Шалкеева А., аға оқытушы Абутаева С.Б., оқытушы Ажикабылова Г.Д., Гуманитарлы-педагогикалық және Жаратылыстану факультеттерінің 2 және 3 курс студенттері қатысты.

Семинарды  заң ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Нурымбетов Адилхан Абилкасымович ашып, «Жас ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана-сезімін қалыптастыру жөніндегі ағарту және тәрбиелеу жұмыстары қазақстандық қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында сыбайлас жемқорлықты туғызатын және соған себеп болатын себептер мен шарттарды жою (барынша азайту) жөніндегі мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың бір бөлігі болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда білім берудің аса маңызды бағыты сыбайлас жемқорлық көріністерін қабылдамайтын білім беру ортасын құру, сыбайлас жемқорлықты қабылдамайтын моральдық деңгейі жоғары, адамгершілігі мүліксіз азаматтарды тәрбиелеу болуға тиіс. Бүгінде жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеу жұмысының теориясы мен практикасына басқаша зер салу керек. Азаматтық қоғамды нығайту және дамыту, құқықтық көзқарас тұрғысынан сауатты, өзінің азаматтық құқықтары мен міндеттері туралы қажетті ілімдерге ие, бұл білімдерді күнделікті өмірде қолдануға қабілетті, сыбайлас жемқорлықты өзінің азаматтық құқықтарының бұзылуы деп түсінетін және бұл құқықтарды қорғауға дайын  азаматтарды тәрбиелеу қажеттілігі Қазақстанның барлық білім беру мекемелерінің өзекті міндеті болып отыр» деп айтып өтті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаментінің бас маманы Альжанова Жазира Салхановна  «Сыбайлас жемқорлықпен күрес қашанда күн тәртібінен түскен емес» – деді. Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа жолдауындағы басым бағыттарының бірі – ол сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің алдын-алу, болдырмау екендігі белгілі. Осы кезекте мемлекеттік органның, мемлекеттік қызметкердің жұмысы, іс-әрекеті – шындық, айқындық адалдық, ашықтық принциптеріне негізделуі қажет екендігін айтты.

Баяндамашы өз кезегінде құқық қорғау органдары сыбайлас жемқорлықпен күрес оның алдын алу бойынша жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығын айтып, бірнеше мысалдармен нақтылады.  «Стратегия мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігінің негізгі салаларын қамтуға, жан-жақты және дәйекті сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешенінің әзірленуін және жүзеге асырылуын көздеуге, сөйтіп, мемлекеттік биліктің барлық деңгейлерінде, сондай-ақ, жекеше секторда сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуды қамтамасыз етуге, қазақстандық азаматтардың осы әлеуметтік зұлымдыққа төзімсіз көзқарасын қалыптастыруға тиіс» – деді. Баяндама барысында бейнероликтер көрсетілді.

Семинарға қатысқан Тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры  Садыков Б.Қ.:  «Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылғанымызға жиырма жылдан аса уақыт өтті. Өткенімізге көз салсақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ішінде өз орнын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол жол – Президенетіміз Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен алға қойылған сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек» деп өз пікірін білдірді.

Семинарға қатысқан студенттер тақырыпқа сәйкес өз пікірлерін айтып, өздерін толғандырған сауалдарына жауаптар алды. Өткізілген іс-шараны қорытындылап, алдағы уақытта тығыз байланыста жұмыс жасайтындықтарын жеткізді.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған