Самарқандтағы халықаралық конференцияға төрткүл дүниенің таланттары жиналды!

Биыл  Қазақстан Республикасында – Өзбекстан жылы екенін жақсы білеміз. Осынау сый-құрметті ескерген көршілес мемлекет те тосылып қалмаса керек-ті. Өз кезегінде киелі шаһар Самарқандтың төріне 14-16-қараша күндерінің аралығында түркітілдес xалықтарының жас ақындары мен жас көшбасшыларын шақырып, халықаралық конференция өткізді. Оған қатысушылар Әзірбайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Қазақстаннан барды. Айтулы алқалы кеңестің арнайы мәртебелі шақыртуына мен де ие болып, Еліміздің абыройын аспандатып қайттым.

Айтулы xалықаралық жобаны Өзбекстан Жастар Одағы мен Өзбекстан Жазушылар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды. «Самарқандтағы поэзия кеші» атты игі кеңеске Қазақстанның атынан делегацияны «Жас Отан» ЖҚ Түркістан облыстық филиалының төрайымы Жұлдыз Намаз бастап барды. Десе де сахна төріне шығып, Қазақстанның намысын қорғау маған жүктелді.

Конференцияның негізгі мақсаты – ғылым мен поэзиядағы жастарды ынталандыру, жас ақындардың көркем әдебиеттегі қолтаңбасын қалыптастыру, оны дамытуға ықпал ету, тапқырлық қабілетін таныту екені белгілі. Сондықтан болса керек, маңызы мол жоба аясында ол мемлекеттегі бірқатар қалаларға барып, бір емес, 6 бірдей сахнаның төрінен табылдым. Өзімнің ғылыми мақалаларымды оқып, жүрекжарды өлеңдерімді ұсындым. Алты алаштың аманаты – жыр жолдарын түгендеп, Барыс Елдің болашағын да баяндап бердім.

 

Халықаралық жиын барасында күллі өзбек жұртының тыныс-тіршілігімен де таныстық. Тарихына үңілдік. Ел аралап, жер көрдік. Анығырақ айтсам, «Регистан», «Имам Бухари», «Әмір Темір», «Шахи Зинда» секілді ауқымды 10-даған кесенелерге бұрылып, зиярат еттік. Сондай-ақ, Ташкент пен Самархандтағы әйгілі ақын-жазушылармен, жергілікті билік өкілдерімен кездесіп, сұхбаттасып қайттық. Әлем әдебиеті мен ғылыми мақалалардың жөн-жосығын талдап, түркі тілдес халықтардың қазіргі қоғамдағы жазбаларын қарадық. Оңды өзгерістер мен кем-кетігіне де арнайы тоқталып, тәжірибе алмасудағы тиімділіктерді ерекше екшеп, Қазақстандағы даму жолды дәйектеп бердім.

 

Халықаралық шара соңында ұйымдастырушылар Әзірбайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Қазақстаннан барған жастарға Самарқандтың көне ескерткіш орындарын көрсетіп қана қойған жоқ, сан саладағы шеберлік сабақтарын өткізіп, мазмұнды жарыстар ұйымдастырып, қатысушы жас қаламгерлер мен көшбасшыларды құрметке бөледі. Арнайы сый-таралғысын тапсырып, сертификат-алғыс xаттармен марапаттады. Сондай-ақ, xалықаралық жобаны ұйымдастырған Өзбекстан Жастар Одағы мен Өзбекстан Жазушылар қауымдастығының басшылығы менің еңбегімді ерекше ескеріп, Өзбекстан Мемлекетіндегі БАҚ өкілдері – республикалық телеарналар мен газет-жорналдарға менің сұхбатымды жариялады. Және өлең-жырларымды арнайы жинақ-кітаптарына басып, әлем кітапханаларына үлестіруге көшті.

Осы орайда, Мен сияқты талай талантты шәкірттің қанатының қатайып, биікті бағындыруына мол мүмкіндігін жасаған Елбасымыз, ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев пен өзімнің білім Ордам – Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінің ректоры – Рабиға Әбдімұсақызы Қуатбековаға алғысымды білдіремін!

«Жас Отан» Жастар Қанатының төрағасы – Батырхан УСЕРОВ

 

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған